Мен сүйген қыз. Бауыржан Әліқожа шығармашылығы

Біздің демеуші






Мен сүйген қыз...


Көңіл кірбің, деліқұлы күйге ендім,
Қол жетпеске ұмтыламыз кейде осы.
Мен әлемде бір-ақ қызды сүйгенмін,
Қалғандары соның ұқсас бейнесі.

Қоңыр кеште бір сұлуды ұнаттым,
Ұмыттырып жіберердей өзгені.
Күлкісі де сыңғырындай бұлақтың,
Аруымнан аумайды екен көздері.

Еркелеу қыз алды бірде еркімді,
Жан жүйемді қытықтайды қылығы.
Сұлуымды көз алдыма келтірді,
Сала құлаш жерге тиген бұрымы.

Сәби бейне, қардай аппақ көңілі,
Сезімдердің көгершінін ұшырды.
Сүйкімдінің оймақтайын еріні,
Сыңарымды тағы есіме түсірді.

Бір бойжеткен жүрегімде лаулады,
Ай да-өзі, жұлдыз да-өзі, күн-өзі!!!
Жылу беріп өн бойыма баурады,
Ғашығымның мейіріндей мінезі.

Көкірегімде арпалысқан сан ағын,
Бұйыртқан күн таппайды ма ізгі арна.
Мен осылай күнде ғашық боламын,
Сүйгеніме ұқсайтұғын қыздарға!

 

 

 

 

 


 

 

 


Бауыржан Әліқожа

BaurzhanAlkozha


Бауыржан Әліқожа Оңтүстік Қазақстан облысы,
Отырар ауданында дүниеге келген. «Талантқа тағзым»,
«Қос қарлығаш» жыр жинақтарына енген. Ілияс Жансүгіров
атындағы ақындар мүшайрасының жеңімпазы.
Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
журналистика факультетінің 4 курс студенті