Ай мен сұлу. Бауыржан Әліқожа шығармашылығы

Біздің демеуші






Ай мен сұлу


Бір аунап алып ақша бұлттарға,
Барады Ай жүзіп дөңгелек...
Өне бойында бақ шабыт барда,
Қалдырмақ па екен зер бөлек?!

Сен көшірмесі -аспандағы Айдың,
Қарақат көзің тұңғиық.
Еңсемді езіп басқанда қайғым,
Емдейсің өзің нұр құйып.

Аядай ғана ардағым менің,
Бұл біздің лаулар отты шақ.
Көзіме түсті қолдағы меңің,
Ай бетіндегі дақ құсап.

Теңіз-сезімнің тереңін арна,
Махаббатыңа сай деп ұқ.
Көктегі Айдың керегі бар ма,
Жанымда тұрсаң Ай болып!

Киіпті көйлек сабырдан өңің,
Жүрегің толы ар-иман.
Қолыңнан ұстап жалындап едім,
Кернеді бойды дариға-ән...

Өзгеден, қалқам, шын қызғандым ба?!
Құшақтай алдым аңсаумен.
Қадірі жоқ-ау жұлдыздардың да,
Жымиып күлсең жан сәулем.

Ерке «Есентайдың» жағасындамыз,
Кеудеге көшіп бұл көктем.

Әңгімеміздің арасында біз,
Көзбен де айттық сырды еппен.

Көңіл-айдыннан шағала-мұң да,
Ұшты-ау бір басқа өлкеге...
«Хамит ақынның жағалауында»,
Жыр оқып бердім еркеме.

Маңайға мынау өң беріпті ұл-қыз,
Секілді әлем-пәк өлең.
Желменен бірге тербеліп тұрмыз,
Ай, сұлу, сосын және мен.

 

 

 

 

 


 

 

 


Бауыржан Әліқожа

BaurzhanAlkozha


Бауыржан Әліқожа Оңтүстік Қазақстан облысы,
Отырар ауданында дүниеге келген. «Талантқа тағзым»,
«Қос қарлығаш» жыр жинақтарына енген. Ілияс Жансүгіров
атындағы ақындар мүшайрасының жеңімпазы.
Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
журналистика факультетінің 4 курс студенті