БОЙДАҚТЫҢ МҰҢЫ. Бауыржан Қарағызұлы

Біздің демеуші






БОЙДАҚТЫҢ МҰҢЫ

Суреттегі әдемі келбетіңе,
Қарай-қарай сыймаймын жер бетіне.
Үйленбей-ақ өтер ем...
Әттең, бірақ...
Төрт қабырға. Бір төсек. Бөлме – түрме.

Мың құбылдым бір саған ұнай алмай,
Жынды қылдың,
сен мені жынды қылдың.
Күле де алмай, бөлмеден жылай да алмай,
кеттім шығып, Құдай-ай, шыдай алмай.

Кезіп келем көшені, кезіп келем,
Ауыр оймен еңсемді езіп келем.
Өмір – мылқау мендегі,
Көңіл – соқыр,
Үміт – нұрлы.
Сабыр жоқ.
Сезік – керең.

Таусылса егер мен деген төзім, әлім,
Талшық етем сен деген сезім әрін.
Көңілімнің күйігі көзден ағар,
Үндеме...
Үндемеші, айтатын сөзің мәлім...

Жазирасын жанымның торласа мұң,
Ойланбай-ақ әдейі ор басамын.
Көкжиегін қыңырлық шимайлаған,
өтті талай өлі – түн, далбаса – күн.

Есіңде ме?!
Бал сырға қанбаушы едік,
арман қуып зау көкке самғаушы едік.
Мына әлемге екеуміз күліп қарап,
бірімізді біріміз... алдаушы едік.

...Жүрегімнің жанарын құм басқан ба?!
Жоқ, әлде мұң басқан ба?!
Жоқ, әлде, Жын басқан ба?!
Сол кездегі көл-көсір уақытқа
Жұлдыздарын тамызған түнгі аспанға
қарап тұрмын...
Бәрі де шектемелі.
Мұңға малды қара күз текке мені.
Көктем еді көңілім, көктем еді,
Уай, қадірсіз Уақыт, сөкпе мені,
арман алыс жетем деп жетпегенім...

Түнгі қала – илеуі құмырсқаның
Түнгі қала, мен сені жек көремін!

Бауыржан Қарағызұлы

Baurzhan_aga

Бауыржан Қарағызұлы, ақын,
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл
жастар фестивалінің лауреаты
және Гран-При жүлдесінің иегері