Жетінші SMS хат. Бауыржан Қарағызұлы

Біздің демеуші






Жетінші SMS хат

Жеті қараңғы күмәннің ішінде...
Үмітім үнсіз жылады,
Жаным...
(Кім бізді түсініп, ұғады??!)
Жүрек,
Айтшы!

Жолықтым...
Күмілжіп алдыңда
есімнен адастым...
Содан соң... ағылып сезіммен сөйледім
Сағынып...

Мен сені
өзіме шақырдым,
өзімді іздедім көзіңнен.
Таппадым.

Келмедің...
Уәде –– кімнің сөзі?!
Жігіт,
Жалғыздық суытып сезімді.
Жалғыздық жұтты ма сөзіңді?!

Мен
Тағы да жоғалттым өзімді.
Сен
Ештеңе сезбедің, білмедің...
Күлдің...
...Білдім.

Жеті рет әдейі жолықтым,
Жеті рет...
Ырқыңа жығылдым...
Ымыңа жүгірдім...
Ұқпадың...
Жеті түн түсімнен шықпадың,
Жеті күн есімнен кетпедің...

Түсімде
қолыңды созасың жымиып...
Қиналдым...
Жетпедім...
Таусылды төзімім,
Таусылған төзімнің
Ып-ыстық жасына жуылдым...

Өңімде
Өзіңсіз –– бәрі бос.
Сезіндім.
Қорықтым...

О, Тәңір, Мен неткен дәрменсіз өмірмін?!!
Ұғындым...
Үгілдім...
Түңілдім.

Міне, енді...
Қара түн қанатын жайғанда қалаға,
Кеземін қаңғыбас қиялдың арасын
жол таппай баратын
Саған.

Түн... арманның көгінде жұлдыздар бүрлеген,
Түн... жастыққа шерімді тарқаттым көзіммен.
Түн... Түс көрдім тағы да...
Түсімде
Жетем деп жетпедім жаныңа.
Түүф, тағы да жүрегім дауыстап жылады...
Осылай ғұмыр кеш деп пе едің?!.
А...?!

Бауыржан Қарағызұлы

Baurzhan_aga

Бауыржан Қарағызұлы, ақын,
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл
жастар фестивалінің лауреаты
және Гран-При жүлдесінің иегері