Орамал Еркебұлан Толқынов шығармашылығы

Біздің демеуші







Орамал


Үнсіздікті тоғытып көмей-тілге,
Бейнеңізді ұрлаттым өгей түнге.
Кешіріңіз,
жүрегіңізге шәлі-жыр жапсам деп ем,
Атам қазақ,
“орамал – жол” демейтін бе?

Сұрау салып жүрейін, сұрай барып,
Мақсат,
мүдде,
міндетім былай қалып,
Ертелі-кеш өрнек сап шәлі-жырға,
Құбылаға бет бұрып – Құдайға анық.

Жанарыңыз шоқ тастап жанарыма,
Күлкіңізден күн түсті қаламыма.
Бұрымыңыздан сипайтын, өбетін кеп,
Алатаудың қызығам самалына.

Үніңізді-ай, әл беріп шынықтырған,
Шын сезімнің шындығын шын ұқтырған.
Арман жоқ-ау, сіз сүйген жігітте бір,
Ал, не дейсіз жүрекке ұғып тұрған?

Кешіріңіз, сіз мені кешіріңіз,
Сәл қаталдау шығар ма кесіміңіз?
Мендік сезім бейкүнә ғой сәби үнді,
Әдеп-ардан аспайық әсілі, біз.

Ғайып бақтан оралған дара қыздай,
Қылығыңыз тек жатпас сал аңыздай.
Дат,
сұлу қыз,
рұхсат етіңізші,
Мәпелейін мен сізді Анаңыздай.

Ғашықтықтың атқызып жаңа таңын,
Сізді көрген түсімді “жаратамын”.
Бәрібір де сенбейсіз ғой,
мендік жүрек,
бір Сіз үшін соғады алақанын.

Уақыт дейтін керуен-көшпен еріп,
Шәлі-жырға шұқшиям дестені егіп.
Кешірерсіз, “былғасам сөз арасын”,
Ғафу, қалқа,
бойымнан көшкен ерік.

Зерлі сөзбен оқалап, жібектеніп,
Шәлі-жырым жабылсын жүрекке еніп.
Тілегім – ақ, ниетім – пәк сізге деген,
Айыптамаңыз,
ақ таңға түнек беріп.

Үнсіздікті тоғытып көмей-тілге,
Бейнеңізді ұрлаттым өгей түнге.
Кешіріңіз,
жүрегіңізге жырдан шәлі жапсам деп ем,
Атам қазақ,
“орамал – жол” демейтін бе...

 


Еркебұлан Толқынов

Erkebulan