Сен және мен Еркебұлан Толқынов шығармашылығы

Біздің демеуші







Сен және мен


Сен түнсің.
Мен аймын.
Құндаққа алып әлдилейміз ғаламды.
Екеумізден ақ сәулелер таралды,
Екеумізден сырласулар жаралды.

Сен күнсің.
Мен гүлмін.
Адамзатқа шаттық нұрын себеміз.
Зұлымдықты сұлулықпен жеңеміз.
Әлі күнге табыспаймыз неге біз?

Сен көктемсің.
Мен шуақпын.
Түрлендіріп жібереміз жер бетін,
Келістіріп көркемдейміз келбетін.
Махаббаттар малынбасын шерге тым.

Сен теңізсің.
Мен толқынмын.
Табиғатқа еркелейміз долданып,
Шағаланы жұбатамыз қолға алып.
Көңіліміз суынбасын тоң барып.

Сен бұлтсың.
Мен жаңбырмын.
Аңқасы кепкенді баса аламыз.
Тамшылармен толықсып жасанамыз.
Айтылады біз жайлы қашан аңыз?

Сен жансың.
Мен тәнмін.
Ажыратар ажал атты сұғанақ.
(Ғашықтықты кімдер бізден сұрамақ,
Сыртымыздан қашанғы бақылаймыз сығалап?)

Түбірімен түсінуге тағдырды,
Екеуміздің жетер ме екен шамамыз?
Мына сұмдықты,
Мына сұмдыққа қараңыз,
Сен – Аспансың,
Мен – Жермін,
...Білесің бе,
тым алыс екен арамыз.
* * *
Өлеңімді сыйладым тұрып-тұрып,
Сезім толы сөзімнен сыр ұқтырып.
Ізгі ойыма бейнеңді ілестірем,
Кім екенін өзімнің ұмыттырып.

Өлеңімді жеткіздім біріктіріп,
Ұяңдығын мінездің кіріктіріп.
Жанарыңның кездігімен лыпылдаған,
Жүрегімді жібердің тіліп-тіліп.

Жырымды әлі жаудырам себелетіп,
Буырқанып бұлтымды бөгеме түк.
Көгершін-жыр ұшырдым мекеніңе,
Мәңгілікті маңдайға шегелетіп.
Жолдап тұрып жырымды құйындаған,
Үйіріп те әкету бұйым маған.
Қолыңа әкеп тапсырам кезі келсе,
Өмірімді өзегі қиылмаған.

Жұлдызына сыр ашып жаңа түннің
Естай ердің әніне салатын кім?
Өшпестей із қалдырдың өмірінде,
Балаңдығы қайтпаған бала ақынның.



 


Еркебұлан Толқынов

Erkebulan