Түнгі мұң Еркебұлан Толқынов шығармашылығы

Біздің демеуші






Түнгі мұң


Бір хабар жақсы, жоралғы
Естілетіндей сен жақтан...
Отырмын тұста қараңғы,
Ауылда жым-жырт, ел жатқан.

Сыртына шығып қақпамның,
Көз салам түнгі аспанға.
Сыбдырын тыңдап бақтардың,
Сырымды айтам жас талға.

Өзіммен өзім сөйлесіп,
Құнсыз қиялға берілем.
Аламын дағы кейде ішіп,
Есем кетердей егілем.

Жер басып тірі жүрсем де,
Өлі кеудедей мендегі.
Өзің біл, маған күлсең де,
Тірлігім осы – күндегі.

Ай болып алып төбемде,
Міз бақпай төніп тұрғаның.
Жұлдыз боп сені көрем бе,
Жалғанар ма еді жырға әнім?

Көңілім кемсіп, түнде оңып,
Ал күндіз жүдеп кеткені.
Көре алмаймын күн болып,
Іңірге жетем өйткені.

Жоғалып кетіп сәндерім,
Өртенем өлең өртіне.
Қолымнан келер дәрменім –
Мың тағзым сенің көркіңе...

 


Еркебұлан Толқынов

Erkebulan