Қызыл алма Еркебұлан Толқынов шығармашылығы

Біздің демеуші







Қызыл алма


Қызыл алманы қызыға тұрып қолға алам,
Сонау күндерден естелік сұрай толғанам.
Селт ете түсіп, көңілім босап көнерем,
Өзгеріп салып өңін бермеген бұл ғалам.

Түсінбей далмын,
өңім бе сол күн, түсім бе,
Тағдырдың салған шаруам жоқ тіпті ісінде.
Қып-қызыл алма қызыл шоқ болып сол сәтте,
Өртеніп жаттым қып-қызыл оттың ішінде.

Ұры сезімге ұрынбай тұрғанда үйде ешкім,
Мұныңды, қалқам, қонаққа берер сый дестім.
Алма емес,
кешір,
амалым құрығандықтан,
Жүрегіңді ұсына салғандай күй кештім.

Шаһарын кезіп шапшыған көкке шабыттың,
Қызыл алмаға қызыға қарай жабықтым.
Кәусар бұлақтың арнасын бұрып мұхиттан,
Думандатудан өзіңсіз мен де жалықтым.

Тұрағыңа бір жете алмай тұйықталам.
Жүрек жаурап, дене мұз – ұйып барам.
Қызыл алма ұсынған қалқатай-ау,
Ойламаппын сол түні қиып қалам.

Сырласарым – елесің есте еленген,
Өміріме өрнек сап кестеленген.
Білсем егер жырақтап ұшарыңды,
Ұяңдығыма сол түні дес берер ме ем?!.
* * *
Іздеме мені,
мен сен үшін өшкенмін,
Көз жасты төгіп,
бұлт болып ауып көшкенмін.
Бәрін де ұмыт,
еске алма ешбір күндерді,
Ада қып таста,
қызығын қиқу кештердің.

Іздеме мені,
сен үшін енді жоқпын мен.
Тағдырдың тәлкек
даңғазасына көп күлгем.
Таныма мені,
кездесе қалсаң бейуақыт,
Бұрылмай өт,
тек танымайтындай боп мүлдем!

 


Еркебұлан Толқынов

Erkebulan