Сенімен кездеспегелі Еркебұлан Толқынов шығармашылығы

Біздің демеуші







Сенімен кездеспегелі


Сенімен кездеспегелі,
беймарал күйім тоналды,
Мұң-тұманға бөгіп жатыр жол алды.
Қою түнек қонып алып аспанға,
Сәуле төккен жұлдыздар да жоғалды.

Шие ағашы жапырағын түсірді,
Айдын көл де үйрек-қазын ұшырды.
Мен де тұрмын қоштасып бір күзіммен,
Қайтпасына жіберіп күн-құсымды.

Көңіл енді қандай күймен астаспақ?
Сағынышым әлдилейді бас жастап.
Сені сұрап созған алақаныма,
Өз тағдырым мазақтайды тас тастап.

Жүрегімді көрген түспен жұбатам,
Атпаса екен деп тілеумен құба таң.
Көгершіннің қанатына хат жазып,
Сәлемімді көз ұшында ұзатам.

Айналайын, тіпті үніңді есітпей,
Кетер ме екен періштелер көшіп кей.
Адасу мен жоғалулар көп күнде,
Бір кездессем болар еді кешікпей.

…Ауыр ойға берілетін боп алдым,
Кездеспегелі сенімен,
кездеспегелі.


* * *
Қайтсем екен сезімімді тасыған,
Бөгелмейді-ау, бөгелмейді,
Несі айып?
Жасқанбай-ақ жүрегімнің жасынан,
Жырлайыншы сымбатыңа масайып.

Керегі не уәждерге сеніп артық,
Ғашық жүрек өзіңді қаласа шын.
Иіріміне алғандай мені тартып,
Иығыңа төгілген қара шашың.

Оғаш оймен жарамас үркіткенім,
Артық сөзден шабытым күш ала ма?
Жүрегіме қадалды кірпіктерің,
Жебедейін дәл тиген нысанаға.

Күйіп жанған бұл жүрекке жоқ әмір,
Тырнаса да кеуде әйнегін ақ алмастай.
Тұнығын-ай көздеріңнің,
О, Тәңір!
Сүңгіп қана кетсем бе оралмастай.

Аш наланың дүбірі жуыса маңға,
Кәусарыңнан алар ма ем қанып ішіп.
Ернің шекер, тілің бал – сусағанға,
Тамсанады талайы талып түсіп.

Жүрек шертіп күмбірін, құлады ойым,
Қанаттанып қиялым шыңға атыла.
Сұлулыққа тұнып тұр тұла бойың,
Тіл жетпейді аққудай сымбатыңа.

 


Еркебұлан Толқынов

Erkebulan