«ҮЙКҮШІК - ҒҰМЫР» Нұрлан Амандықұлы

Біздің демеуші






«ҮЙКҮШІК - ҒҰМЫР»

Көңілім бөрі түзде өлу үшін жаралған,
Өмірім бірақ күйбің тірлікпен жамалған.
Үйкүшік – ғұмыр кешіп жатырмын, адамдар!
Қораға қойдай камалған.

Кешкенше ғұмыр, үй күшіктердей кез келген,
Артық емес пе, түн кезіп жүріп, түзде өлген.
Асауға-тұсау бола алар ма екен, ей, тағдыр!
Күйбің тірлігің біз көрген.

Арғымақ едім, есекке бүгін ұсадым,
Бұйдасыз жүрген буыршын едім тұсадың.
Жиіркенгеннен осы ғұмырдан, адамдар!
Аузымнан өлең құсамын!

* * *
Нұрын айдың сұрағандай тілінген,
Ұғынарсың сырларымды түн емген.
Риясыз сенің сәби күлкіңнен,
Лайланған жанарыма күн енген.

Акқу сынды менің алтын періштем,
Нұр боп жарық, қасымда жүр, еріп сен,
Ғашық жүрек толқындарын тулаған,
Айтып берем, өлеңіммен, зеріксең.

Зәр қайғы мен кеудемдегі бақта мұң,
Илеп келем сезімімнің батпағын.
Зергер сынды жырдан соғып кеудеңе,
Айды жүзік, күнді алқа қып таққаным.

 


Нұрлан Амандықұлы

nurlan110