Алаш аруы Рахат ӘБДІРАХМАНОВ шығармашылығы

Біздің демеуші








Алаш аруы

Әппақ боп көктен түсе қалған мүсін,
Жарық қып жібересің жалғанды шын!
Төрінде жүрегімнің төгілсін жыр,
Көгімде жүре берші, арман құсым!

Айналмас арың-арман, нұр-сағымға,
кәусарға қанып өссең гүл шағыңда.
Жұртымның ғажап үні-жүрегіңде,
Ұлтымның тазалығы-құрсағыңда!

Маңдайдан шуаққа алтын сүйдіріп кіл,
Күлімдеп күллі әлемге құйды үміт-нұр.
Даламның нәрі сіңген нәзік мүсін,
Ғаламның сұлулығын сыйдырып тұр!

Сайтанның арбауынан жан-тән аман
болса егер, еңсе биік, шартарап-ән!
Тәңірім тал бойыңды сақтаса екен,
Алаштың ар-ұятын арқалаған!

Түнектен қас-қабаққа төніп кірбің,
түңілсем түсіме Күн болып кірдің.
Анамның жанарынан жадымдағы-
Алланың мейірімін көріп тұрмын!

Көш жүгі ауысумен нардан нарға,
дәуірлер дәуірлерге жалғанғанда,
Алаштың әрбір ұлы
қарындасын
осылай ардақтаса
Арман бар ма?!


Әбдірахманов Рахат Ермекұлы

20110411212929__34444