Мәңгілік ештеңе жоқ өмірде бұл Рахат ӘБДІРАХМАНОВ шығармашылығы

Біздің демеуші







Мәңгілік ештеңе жоқ өмірде бұл

Жуымай жанға жара, көңілге кір
Жүргенде гүлге толар өңір небір.
Таң күліп атқанменен күн батады,
Мәңгілік ештеңе жоқ өмірде бұл.

Бүгінде өзгешерек кешегі мұң,
Түбінде бәрі өткінші. Көшеді күн.
Шешімін қазір іздеп таба алмайсың,
Ертеңгі күннің берер есебінің.

Қиядан қиялымда жақұт терем,
Ілгері жүреді ылғи уақыт менен.
...Қолыңа тиген бетте еріп кетер,
ақ ұлпа қар сияқты бақыт деген....

Күлкімді ұрлаттым деп қайда, қашан,
Үңіліп қарай берем айнаға сан.
Күн батса, қас қарайып бала күнгі
Ерке бір елестермен аймаласам!

Табаным тайып кетсе, тасқа құлап
Жазылам жырларымды жастанып ап.
Бұлақтай мөлдіретіп ұстамасаң,
Сынаптай сырғып кетед бастағы бақ!

Өмірдің мәні деген сағым шығар
От шығар шуағын тек сағынса ұғар.
Мыңдаған бұзық жолдар арасынан,
Бір ғана түзу жолды табу шығар

Кім білсін....
Дүниенің сыны басым.
Тұрасың!
Жүгіресің!
Жығыласың!
...Көктемнің көрінбейтін құдіретін,
Бөктерді қар басқанда шын ұғасың...

Осылай сырғиды күн сырын бұғып,
Білемін , ақталады түбінде үміт!
...Е, Алла бергеніңе шүкір дейін,
Тұрғанда дөңгеленіп, Күнім күліп...


 

Әбдірахманов Рахат Ермекұлы

20110411212929__34444