Вокзал3 Рахат ӘБДІРАХМАНОВ шығармашылығы

Біздің демеуші









Вокзал-3

Вокзал. Перрон толы адам. Бұлжымас қалып сақталған.
Жатталған жерге оралам, үміт қып үлкен бақты алдан.
Қапталдан шыға келер деп жалтақтап сені іздеймін,
Тәтті арман шіркін нәр алып, шаттанған сонау шақтардан.

Ақ қардан қор боп үмітім аяқтың асты тапталған,
Бақтардан іздеп күні-түн, алданыш таппай аттанғам.
Мақпалдай жүзің жадырап, ақ таңнан хабар беріп бір,
Шақ қалған сәтте сөнуге, елесің аман ап қалған!

Үскірік аяз алқымды ап, қарқылдап қатал қыс күліп,
Ысқырып алып, сартылдап пойыз да келді ышқынып.
...Түсті анау ,әне, вагоннан шыбықтай нәзік бір мүсін,
Аязға бетін сүйгізіп, ызғарға тәнін құштырып.

Қара қыз... Сен бе? Жаным-ау. Жақындап келші жаныма,
Сағына тұра танымау сыймас еш өмір заңына.
...Таңыма әлем тамсансын, аспанға қарап күлші бір,
Тағы да талдар ән салсын, ұлпалар билеп жабыла.

Аралда қалай? Аман ба? Жылырақ шығар сірә, күн...
Сұрағым болмай табанда ауылың жайлы сұрадым.
Жыладым іштей... Сен болсаң алдымда тұрдың күлімдеп,
Жүректе жалын, санамда ғаламның жағып шырағын.

Жылы нұр шашып жанарың, сарқылмас дара сыры бір,
Жымиып жұмбақ қарадың, назданғаныңның түрі бұл.
Дір етіп сәтте шошыдым... Жоғалмаса деп тәтті шақ,
Тек қана бәрі осының түсім боп шықты... құрығыр!

 

Әбдірахманов Рахат Ермекұлы

20110411212929__34444