Түнмен сырласу Рахат ӘБДІРАХМАНОВ шығармашылығы

Біздің демеуші










Түнмен сырласу

Қараша. Сұрғылт тіршілік.Сұрланып жатыр мұңды күз.
Кешегі жаңбыр көлшігін көк тайғақ етіп тынды мұз.
Жаз әнін аңсап сандалған ызғарға мынау қарамай,
Қарағай ағаш екеуміз баладан бетер жындымыз.

Мұңды күз. Түнгі бос қала. Иесіз қалған мұңды бақ.
Тұнжырап қалған үйшіктің шатыры шылқып тұр жылап.
Мендегі мынау шаттықты бөлісер бүгін біреу жоқ,
Хабарсыз кетті құстар да оңтүстік жаққа жылжып ап.

Майқұдық бүгін біртүрлі... қараптан қарап қайғырып,
Ай бұғып жатыр бүрісіп, жанарын жерден тайдырып.
...Әп-әйбат жүзің бұлт құшып, не болған бүгін сыйқыңа,
қаймығып жатқан арудай абыройынан айырылып.

Сырымды менің тыңда түн. Жан досым болғын былайғы.
Шабытсыз қалған жынды ақын ғашық боп қалған сыңайлы.
...Сұрайды бүгін сүйінші қаламым өлең-дәптерден,
жылайды ертең соны оқып Ләйлім менің шырайлы.

Ұйқысыз менің бұл түнім.. Жыр-жүрек жұлдыз санатар
Алақанынан шығыстың сонан соң сұлу таң атар.
Таң атар дағы, көркем Күн сүйіктім менің секілді,
Шашу ғып шашып шуағын, далама күліп таратар.

Әппақ қар, жұмсақ ұлпалар батпақты жауып, лайды...
Жердегі жырын шырқап ап , аймалар түнде Күн Айды.
..Сұрайды менің сүйіктім жұлдызға қарап бір тілек,
сол тілек үшін құрбан боп, сол жұлдыз көктен құлайды...
Жылайды сосын бақыттан шырайлым менің...

Тағдыр осы сынайды несін біліп?
Мен де кейде есірем есім құрып...
Мұңды жанар... Өзге түк көре алмадым,
сұңғыла бой сұлуды шешіндіріп.

Күндіз Көкпен тілдесіп шыңға шығып,
шынар көрсек тынамыз түнге асығып.
Ару деген арманы адамзаттың,
қаншықтардың үлесі-
ұрғашылық.

Кім көрмейді өмірдің қиындығын,
қатар қоймаш арың мен тиын құнын.
...Жаның жауап береді-ау, ақіретте,
тәнің қалып астында үйіндінің.

Жақсы менен нәпсіні үйрендік тең,
Мәнді ғұмыр-сәнді өмір күймен біткен.
Ақын өлең жазады аспан жайлы,
жұлдызды емес, бір қызды сүйгендіктен.

Абыржысаң арманға төте бармай,
жалған деген жаныңды өтеді арбай.
..Мұң астында жаншылды қанша жігіт,
бір арудың кірпігін көтере алмай!

Арым барын жанымның тізіп, құрап,
жалын заңын өзінің жүз ұқтырад.
...Көйлек шешу түк те емес,әр жағында
не бар екен деп жүру қызықтырақ.

Жатырқамай жалғанның нұры сені,
мөлдіретті. Нәріңді кім ішеді.
Тәп-тәттім ай қор болмай,
бір ақынның
өлеңі боп жүргенің дұрыс еді...

 

Әбдірахманов Рахат Ермекұлы

20110411212929__34444