Құлазу Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ шығармашылығы

Біздің демеуші






Құлазу


Үнсіздік пен айқайдың арасындағы
Жалғыз аяқ соқпақ...–
ұзыннан ұзаққа шұбалған.
Бейне, ашылмаған Қиял кітабының ішіне
Бір нәзік қол жасырып,
Жалғыз тал емен жапырағындай қуарған.

Алыс сапарға шақыратын жолдар,
Қатал уақыт илеуіндегі бір түн —
Бір ғасыр!
Көз алдыңда билейді сонда
Өткенің мен Болашағыңның сұлбасы.

Немесе көктемгі бәйшешектей
Шықпай жатып солады арманыңның бүршігі.
Сосын отырасың жалғыз құлазып
Өз-өзіңнен тұншығып.

Көзіңді ашсаң да, жұмсаң да
көкірегіңе шер түнер...
Құстар ұшады қанаттарының сусылдарымен мұң аулап.
Сол ұлы құлазу қасіретінің дертінен
Менің де, сенің де, оның да жанары суалар...

 


Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

IMG_5481

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,
«Серпер» Жастар сыйлығының иегері.