Сағыныш эллегиясы. Ұларбек Байтайлақ шығармалары

Біздің демеуші






Сағыныш эллегиясы


Аңсадым-ау, өзің жайлы алғызармын қайдан хабар,
Біз қауышқан көктемгі бақ саған құшақ жайған болар.
Мұнар басқан қала жолын жалғыз ұзақ серуендеймін,
Сағым елес жолын алдап құмда қалған керуендеймін.
Бастап барып әлденеге қыз-көктемнің жұпар лебі,
Сан мыңдаған адамдардың толқындары жұтар мені.
Жүрегімде шердің табы, көкірегімді басқан аптап,
Әбден таныс уайымнан қашып келем сасқалақтап.
Таңғы азаннан сілкінеді талықсыған қала таңы,
Құмар қылған сан кірпіктер жебе болып мені атады.
Сарсаң қылған жолдарыңа жайып көктем жапырағын
Сені үнсіз шақырады түркістанның топырағы...
Сатып кетті сан достарым бұл сапарға бірге шығып,
Ұмыт болған өткеніме өкінемін тым кешігіп.
Бақыт жайлы толғанбаймын ол да ермек емес маған,
Жалғыздығым-жұбанышым
Одан кейін сені еске алам.
Коңілсіз бір түс көремін тал түсте де ояу жүріп,
Соңыма ерген күшіктерге таныстарша қоям күліп.
Салғырт күндер санамды езіп сағынышқа желімдейді,
Өзім сенген жандар мені жылатудан ерінбейді.
Шаршасам да жолдарыңа жайып үміт керегесін,
Қараудан бір жалықпадым вагондардың терезесін.
Мен сенемін тиылар деп сел боп аққан жасым бір күн,
Міне, солай сенсіз көрген күлкіден де қашып жұрмын...

 


Ұларбек Байтайлақ

Ularbekaga

"Өзгермес қалпы бұл өмір-
Бұл өмір солай әлде де.
Жанарыңды әркез тіге жүр ,
Мен жақтан түскен сәулеге..."