Сағыныш жыры. Ұларбек Байтайлақ шығармалары

Біздің демеуші






Сағыныш жыры


Азабым болдың сен ақырғы,
Һәм өлмес мұратым, мерейім
Сен жақтан алдене қол бұлғап шақырды,
Тәуекел көрейін!
Қуанам!
Сен маған жолығып.
Шегі жоқ сағыныш сапарға шығардың.
Сарғылтым уайымның уына көміліп,
Түстікке көз салып тұрармын.
Тағыдай таңдап бір су ішкен,
Арқаның айбарлы шайыры...
Сен берген сағыныш кеседен у ішкен,
Тәңіріден тілейді қайырын.

Мөп-мөлдір жанарға үздіккен,
Ғашықтық!
Сенде бір қайғылы күш бар-ау.
Мен болып қасына түней ме күз біткен,
Ол жайлы айтыңдар құстар-ау!
Соқты ма мазасыз сағатым,
Кешкі аспан күйіне елтіген.
Күн түгіл тоздырып жылдардың тағатын,
Өзіңе жетпек боп желпінем...

Сенделем себепсіз аулақта,
Бурыл түн астында бұлаққа жыр оқып.
Мені ешкім күтпесін білем де ол жақта,
Қайтамын ізімді қырауда шұбатып.
Мені үнсіз оқиды ескірген обалар,
Бәріде ескірген, ескірген!
Баянсыз үміттің соңынан жоғалар,
Сен мені кеш мүлдем...
Гулесе шыгыстың бораны,
Сенің де сабырың ұшқан-ау.
Түнгі елес торыса ескірген обаны,
Осы жырды оқыңдар құстар-ау..

Ұларбек Байтайлақ

Ularbekaga

"Өзгермес қалпы бұл өмір-
Бұл өмір солай әлде де.
Жанарыңды әркез тіге жүр ,
Мен жақтан түскен сәулеге..."